«Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» (АЭҮК) АҚ қызметкері Клименко Денис үлестіру желілерін жөндеу және қызмет көрсету бойынша жедел-жөндеу қызметкерлерінің жыл сайынғы респуликалық кәсіби жарыстарында үздік электромонтер болып танылды.

Алматы облысындағы «АлатауЖарықКомпаниясы» ЖШС оқу-жаттығу полигонында төрт күн бойы Қазақстанның әртүрлі аймағынан келген 9 команда өз кәсіптерінің үздігі атану құқығы үшін жарысқа түсті.  «Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» АҚ командасы атынан Клименко Денис, Глущенко Виталий, Мельников Виктор есімді электромонтерлер мен Ловской Олег есімді шеберден құралған Атбасар АЭЖ бригадасы қатысты. Жарысқа қатысушылар атап кеткендей, аталмыш жарыстар тәжірибе алмасу үшін жақсы мүмкіндік болып табылады.   «Қауіпсіздік техникасы ережелері, Техникалық пайдалану ережелері және Өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша білімдерді тексеру» теориялық кезеңінде жиналған ұпай сандары бойынша «АЭҮК» АҚ командасы үштіктен көрінді, ал жалпы командалық есепте бесінші орынды иеленді.

Жарыстардың барлық кезеңдерінің қорытындылары бойынша Клименко Денис үздік электромонтер танылды. Бұдан бөлек, құрамында «АЭҮК» АҚ бас инженерінің кеңесшісі Баранов Владимир Августинович болған бесінші кезеңнің сот алқасы ең әділ болып есептелді.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың пікірінше, аталмыш жарыстар жұмысшы кәсіптердің таралуына және еңбек өнімділігінің жоғарылауына ықпалын тигізеді.

ГАНОЛЬ Галина,

«АЭҮК» АҚ ҚжЕҚҚ бастығы